Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледж «Дене шынықтыру және спорт мұғалімі» Танысбаев Рустам Әсетұлы

0

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы

М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледж

БАЯНДАМА

«Қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеу жолдары»

Орындаған:

«Дене шынықтыру және спорт мұғалімі»

мамандығының ІІ курс білім алушысы:

Танысбаев Рустам Әсетұлы

Ғылыми жетекшісі:

Педагогика және психология пәндерінің оқытушысы

п.ғ.м. Кабимолдина Айгуль Кайрбековна

Семей, 2016 жыл

Жоспар

1. Қазақ халқының ұлт ойындарын зерттеушілер жайлы

2. Ұлттық ойындардың дамуы мен қалыптасуы

3. Халық мұраларының бірі — ұлт ойындары

1. Қазақ халқының ұлт ойындарын зерттеушілер жайлы

Қазақтың ұлттық ойындарының ішінде логикалық ойлау мен математикалық, философиялық ойлануды дамытуға негізделген ойындар жетерлік. “Тоғыз құмалақ” ойынының фотосуреті мен ойнау тәртібін қағаз бетіне алғаш түсірген этнограф Н.Понтусов 1906 жылы “Бұл ойын өте көне және кім ойлап тапқаны белгісіз. Ол қазақтың үш ордасының барлығына тегіс тараған” деп жазды. [7]

Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ғ.Мұсабаев жүргізген этнографиялық зерттеулер нәтижесінде “Тоғыз құмалақтың” тас бетіне қашалып салынған таңбалары табылды.

Оймен келетін ойындарды сөз еткенде шахмат, дойбы ойындарын атауымызға болады. Орта ғасыр жазушысы Юсуф Баласағұнның 1069 жылы жазған “Құдатқу білік” деген тарихи еңбегінде түркі батырларының білекті де білікті болуын шын тілеп: “…Ә, егер де ол дойбы мен шахмат ойынын жақсы білсе ғой”, — деп жазғанын оқимыз. [3]

Қазақ халқының ұлт ойындары жайындағы деректемелерді қағаз бетіне түсіргендердің бірі Венеция саяхатшысы Марко Поло болды. Австрияның атақты дипломанты С.Герберштейн 1516-1517 және 1526-1527 жылдары Москвада болып, Қазақстанда болған орыстардың ауызша айтуларынан жинаған материалдарынан жазған 1549 жылы латын тілінде жарық көрген “Записки о московских делах” атты еңбегінде Қазақстанның жері, әдет-ғұрпы, орыс халқымен қарым-қатынасы, ойын-сауықтары жайында жазған. Қазақ халқының ұлт ойындарын зерттеуде еңбектер жазған поляк революционері А.Янушкевич, С.Гросс, Б.Залесскийлер болды. Башқұрттың атақты оқымыстысы Ә.Диваев қазақ балаларының ойындарын жинап, жеке кітап етіп қалдырған болатын. Оның “Қазақ балаларының ойындары” атты еңбегі бар. Осы мәселені қарастырып жүрген Б.Төтенаев қазақ балаларының ойындарын төрт топқа бөліп қарастырады.

Дәстүрлі ұлттық ойындарды зерттеген авторлар қатарына М.Тәнекеев, М.Балғымбаев, Ә.Бүркітбаев есімдерін атауға болады. М.Тәнекеев еңбектерінде дене тәрбиесіне халықтың педагогикасы сияқты көкейтесті мәселесі қаралады. Е.Сағынбаевтың авторлығымен жазылған ғылыми монография “Ұлттық ойындарды оқу-тәрбие ісінде пайдалану” (Алматы,Рауан, 1993 жыл) деп аталады. Ғылыми еңбекте қазақ мектептеріндегі І-ІҮ сыныптарды қазақ халық ойындарын жекелеген топтарға бөліп, оны сабақта және сабақтан тыс тәрбие жұмыстарында қолдану әдістері анықталып, қазақ халық ойындарына педагогикалық талдау жасалған.

Орыс педагогы А.Усова өз еңбегінде ойынның мәнін ашады. Тәрбие мен оқыту барысындағы спорттық жаттығулар мен онның қажеттілігіне ғалымдар И.Давыдов, Л.Былеева, Н.Поддьякова, Д.Хухлова ерекше назар аударған.

2. Ұлттық ойындардың дамуы мен қалыптасуы

Қазақтың ұлттық ойындарының жалпы қалыптасу кезеңі біздің заманымызға дейінгі ХІІ-ІХ ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі көшпелі тайпалардың құрылу дәуірі. Кезіндегі өндіріс күштерінің құралына пайдалануға икемделген тас, ағаш, сүйек т.б. табиғи заттар осы дәуірдегі қалыптасқан ұлт ойындарына да сол өндіріс құралдарының материалдары қолданылды. Күні бүгінге дейін мәнін жоймаған “асық” ойындарына кез-келген сүйек емес, жануарлардың асықтарын икемдеді, “бес тас” ойынына кез-келген тастар емес, ұстағанда қолға сиятындай, домалақ тастар, “қарагие” ойынына қолға түскен ағаш емес, тек қайың мен ырғайдың бірі, тіпті табылмағанда талды пайдаланады. Ұлт ойындарының қалыптасуы тек балаларға ғана керектілігімен дамып қойған жоқ, ересектердің күнделікті тіршіліктегі қозғалысы мен көңіл көтеріп, демалыс уақытын өткізудегі қолданылған еңбектің бір түрі ретінде дамыды.

Көшпелі қазақ тайпаларының арасында ұлт мәдениетінің бір саласы ретінде қалыптасқан ұлт ойындары әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты өзгеріп дами берді.

Алғашқы мемлекеттік бірлестік кезінде дамыған халық ойындары жас өспірімдердің бір ортада өмір сүруіне және өзара қарым-қатынас жасауға себепкер болғандықтан бұл кезеңдегі қалыптасқан ойындардың көпшілігі түнде, ай жарығында далада, ашық алаңдарда ойнайтын ойындар қалыптасып дамыды. Олар ақсүйек, алтыбақан, айгөлек, арқантартыс, соқыртеке, түйе-түйе, белбеу тастау, ақсерек-көксерек, бұрыш, көрші, т.б.

Ұлт ойындарының келесі бір даму кезеңі ХҮ ғасыр, яғни Қазақстан жерінде алғашқы хандықтардың қалыптасу дәуірі. Бұл қазақ халқының ұлт ойындарының дамуының жаңа бір сатысы болды.

Қоғамдық құрлысқа деген көзқарасты бейнелейтін элементтер әсіресе асық ойындарында көбірек көрсетілген.

Жастар кейін асықты өңдеп, Қазақстан территориясының барлық жерінде белгілі бір жүйеге келтірілген түрлері тарады. Асықты тас хнасына қайнатып бояп, ал хна болмаған жағдайда қарағай қабығына бояп алып отырған. Бұндай асық ойындарының бірі “хан” немесе “хан жақсы ма” деп аталады.

Қазақ халқының тіршілігінде төрт түлік (қой, сиыр, жылқы, түйе) мал шешуші орын алған. Төрт түліктің қасиеті ұлт ойындарының дамуына да негіз болды. Келе-келе негізгі бас кейіпкерлері осы төрт түліктен тұратын “көк сиыр”, “түйе-түйе”, “соқыр теке”, т.б. ұлт ойындары да дами бастады. Бұл ойындардың барлығы қазақ халқының төрт түлікті аса бір сүйіспеншілікпен дәріптеп, жануарлардың бойында да, адам баласының қасиеттері бар, сондықтан жан-жануарлардың бәрі бірдей деген ұғымнан барып шыққан ойындар болды.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі көшпелі қазақ халқының этнографиясын зерттеуші ғалымдардың назарынан тыс қалған мәселелердің бірі ұлт ойындарының тәрбиелік маңызы.

Бұл негізде Ә.Диваев жан-жақты зерттей келіп, “кім де кім қазақ халқының арасында болып, күнделікті тұрмысымен танысса, сол отбасындағы бала тәрбиесінің әрқилы жақтарын, ойыншықтардың ойындардың, бала тәрбиелеуде қаншалықты мәні бар екенін біледі”,-деп ескертеді.

3. Халық мұраларының бірі — ұлт ойындары.

Баланың таным түсінігі, іс-әрекеті ойыннан басталады, оның негізі болашақ өмірінде жалғасын табады. Қазақтың ұлттық ойындары туралы арнайы еңбек жазған Базарбек Төтенаев “Ұлттық ойындардың қалыптасуы тек балаларға керектігімен дамып қойған жоқ, ересектердің күнделікті тіршілігіндегі қозғалысы мен көңіл көтеріп, демалыс уақытын өткізудегі еңбектің бір түрі ретінде де дамыды” деген пайымдау жасады.

Ойынға тек ойын деп қарамай, халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, бір жүйеге келтіретін тамаша тәрбие құралы деп қараған орынды.

Біздің, әсіресе ұлттық ойындардың тәрбиелік мүмкіндіктері мол екеніне көзіміз жетті. Аға ұрпақ өз білгенін, өз көкейіне тоқығанын кейінгі ұрпаққа мирас етіп кеткен. Олар — ұлт ойындары. Ұлт ойындары -халық педагогикасының негізгі бір саласы ретінде оқушыларға жан-жақты білім беруде, олардың өмір тәжірибелерін кеңейтуде, дүниені танып білу қабілеттерін жетілдіруде аса қажетті тәрбие құралдарының бірі. Ұлт ойындарын отбасы тәрбиесінен бастап, мектептегі жеке пәндерді оқыту барысында, үзілісте де, бос уақыттарды өткізілетін ертеңгіліктер мен кештерді дидактикалық, қосымша материал ретінде пайдалануға болады. Ойынды балалардың жазғы дем алатын орын сауықтыру лагерьлерінде кеңінен пайдаланған жөн. Ойын арқылы балаларды өмірге ең қажет қасиеттерге: өжеттілікке, іскерлікке, жауапкершілікке, ептілікке тәрбиелейміз. Сабақта ойын түрлерін пайдалану сабақтың түрлері мен әдістерін жетілдіру жолындағы ізденістердің маңызды бір буыны. Ойын элементтерін оқу үрдісін пысықтау, жаңа сабақты қорытындылау кезеңдерінде, қайталау сабақтарында пайдалануға болады. Ойын түрлерінің материалдары сабақтың тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса, оның танымдық тәрбиелік маңызы да арта түседі. Оны тиімді пайдалану сабақтың әсерлігін, тартымдылығын күшейтеді, оқушылардың сабаққа деген ынтасы мен қызығушылығын арттырады. Ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді, жеңіл келеді. Ойынды іріктеп алуға нақтылы сабақтың мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескеруге ерекше назар аударған жөн. “Ой — ойыннан басталады” десек, балалардың ойын жетілдіріп, сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін бастауыш сынып мұғалімінің қолданатын басты тәсілі — ойын.

Н.К.Крупская өзінің көптеген еңбектерінде ойынның бала өміріндегі маңызына үлкен мән берген. Қандай ойын болмасын, әйтеуір бір нәрсеге үйретеді, ең бастысы — баланы мұқияттылыққа, еңбекке, жолдасымен ынтымақта болуға үйретеді.

Ойын — балалар үшін оқу да, еңбек те. Ойын — айналадағы дүниені танудың тәсілі.

Ал заманымыздың талантты педагогы В.А.Сухомлинский: “Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармасыз, ойсыз толық мәндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды”-деп санайды.

Осы пікірлерге сүйенсек бастауыш сынып оқушыларының оқуға, білімге деген ынтасы мен мүмкіндіктерін толық пайдалану, оларды оқу үрдісінде үздіксіз дамытып отыру және сабақ барысында алған білімдерін практикада қолдану дағдыларын қалыптастыру үшін ойын түрлерін қолданудың, пайдаланудың орны бөлек.

Ұлттық ойындарды тиімді қолдану мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын, оқушылардың зор ынтамен тыңдап, берік меңгеруіне көмектеседі. Өйткені төменгі сыныптағы оқушыларының аңсары сабақтан гөрі ойынға ауыңқырап тұрады. Қызықты ойын түрінен кейін олар тез сергіп, тапсырманы ықыласпен орындайды.

Сабақ барысында ойын түрлерін дидактикалық материал ретінде пайдаланудың маңызы зор. Ойын арқылы баланың бойына адамгершілік қасиеттерімен қатар білімге, өнерге құштарлығы қалыптасады. Тіпті нашар оқиды-ау деген оқушылардың өздері де ойын түрлері араласқан сабаққа зер салып, ынталана түседі. Ойын араласқан жерде жарыс болмай тұрмайды. Оқушылар жолдастарынан қалып қоймау үшін сабаққа белсенді қатысып, қойылған сұрақтарға жауап іздеп, ойлана бастайды.

Тілдің дамуына — ұлттық ойынның ықпалы зор. Ойын ақыл-ой дамуына әсер етеді, бала ойын үстінде заттар мен іс-әрекеттерді жалпылауды, сөздің жалпылама мағынасын қолдануды үйренеді. Сабақты ойын түрінде жүргізу шәкірттердің білімге ынта-ықыласын арттырады. Ойын арқылы ұйымдастырылатын сабақ балаларға жеңіл әрі тартымды, түсінікті болады. Оқытудың түпкі мақсаты — оның сапалы болуы. Яғни сабақтың түрлері мен әдістерін, мазмұнын жетілдіруге оны әдіскерлік танымдық, білімділік, тәрбиелік жағынан сапалық жаңа деңгейге көтеру. Оқытудың тәрбиелік қызметі мен практикалық бағытын күшейту де осы міндеттерден туындайды. Сабақта ұлттық ойындарды пайдалану — сабақтың әдістерін жетілдіру жолындағы ізденістердің маңызды бір буыны.

Ойын түрін оқу үрдісінде пысықтау, жаңа сабақты қорытындылау кезеңінде, қайталау сабақтарында пайдалану тиімді.

А.С.Сухомлинский сөзімен айтқанда: “Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады”

Қазақ халқының ұлы педагогы, этнографы жазушысы Ы.Алтынсарин өзінің әдеби және педагогикалық еңбектерінде қазақтың фольклорын пайдалана білген. Ы.Алтынсарин барлық еңбектерінде жеке адамның жоғары қасиеттерін қалыптастыруда еңбек, адамгершілік, ақыл-ой тәрбиесінің ерекше орын алатынын көрсетті. Кемеңгер ұстаз Ы.Алтынсариннің ұлағатты сөздері, педагогикалық мұралары халық педагогикасында үлкен орын алады. Оларды қазіргі қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрінің қайта жаңарту кезінде кең мағынада насихаттау әрбір ғылымның, мұғалімнің борышы болуы қажет.

Қорытынды

Жалпы тәрбие ісі білім берумен ғана шектелмейді, бұл баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі дүниені оятудың нәтижесінде оның дүниетанымын қалыптастырады. Адамзаттық құндылықтарды бала бойына іс-әрекет барысында, түрлі ойындар, әсіресе қазақтың ұлттық ойындары арқылы беруге болады.

Ұлттық ойындар – аға ұрпақтан келіп жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын асыл қазынамыз. Ұрпақ тәрбиелеуде оны оқып, үйренудің, білудің пайдасы зор. Ойын – баланың шығармашылық қабілетін оятады. Ұлт ойындарын ойнап өскен бала ептілік, шапшаңдық, ұқыптылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді бойларында қалыптастырады.

Егеменді ел болып өз жерімізге, өз елімізге жанашырлықпен қарай бастаған осы заманда жастар тәрбиесі – болашақ ұрпақ алдында тұрған үлкен міндет. Ұрпақты тәрбиелеу ісінде тарихи білімдерді пайдалануды халықтан үйренген жөн. Адамдардың рухани байлығының өзі – ең алдымен олардың білімділігі, ана тілін білуі және мәдени деңгейі, адамгершілік, сезімталдығы жағынан дамығандығы. Оқу-тәрбие үрдісінде ұлттық ойындардың қолданылуы балалардың білім қорын жүйелі меңгеруге көмектесетінің зерттеу жұмысымыздың өн бойында толық көзіміз жетті. Сондықтан ұлттық ойындар білім беру жүйесінде ақыл-ой, тәрбиелік, танымдық міндеттерді шешу үшін қолдануылуы тиіс.

Ұлт мектебі болудың басты белгісі онда халықтың ұлттық рухы болу шарт. Ол мектептің барлық тіршілік тынысынан, тәрбие жұмыстарының кең саласынан айқын көрініс табады. Ұлттық тәрбие әр мектеп оқушысының бітімінен, мінез-құлқынан бастау алуы керек.

Бала тәрбиесі ең алдымен, аға ұрпақтың жастарға деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығынан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан адамгершілік қасиеттер жиынтығынан туындайды. Шешен, өнерпаз, өнегелі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тәлім-тәрбиелік әдеттері, салт-дәстүрлері, ойындары жас ұрпақ жан жүйесіне әсер етіп, санасына сіңсе, ол ұлттық мәдениетті игерген, инабатты асыл қасиеттерге ие болады.

Бүгінгі мектеп оқушылары жоғары мәдениетті, ой-өрісі кең, мамандығын еркін таңдай алатын, білімді болумен қатар, өз халқының, өз ұлтының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ата-баба мұрасын, салт-дәстүрін, тарихын, адамгершілік пен имандылықты дәріптейтін мінез-құлық қасиеттерді бойында қалыптастыру керек.

Қолданылған әдебиеттер

1. Ақылдың кені. Құрастырған Қ.Жарықбаев — Алматы, 1991 — 271б.

2. Арғынбаев Х. Қазақ халқының этнопедагогикасы. Бағдарлама. Алматы, 1989

3. Әлімбаев М. Тәрбие туралы әңгімелер — Алматы, 1972. -131б.

4. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті, Алматы. Мектеп, 1974

5. Даналардан шыққан сөз. Құрастырған Асылов Ұ. — Алматы, 1987

6. Диваев Ә. Тарту. Алматы, Ана тілі, 1992

7. Қожахметова К.Ж. Халықтық педагогиканы зерттеудің кейбір ғылыми және теориялық мәселелері. Алматы, 1993

Пікір қалдыру