Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Ғани Мұратбаев жалпы орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Аблаева Жұлдызай Серикбаевна

0

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Ғани Мұратбаев жалпы орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Аблаева Жұлдызай Серикбаевна

 

Сыныбы: 7

Пәні: қазақ әдебиеті

Сабақтың тақырыбы: Ғ.Мүсірепов. «Өлімді жеңген ана» әңгімесі (2-сабақ)

Сабақтың мақсаты: Білімділік: Әңгімені оқып, талдау, өз ойларын айта білуге үйрету. Олардың психологиялық көңіл толғаныстарын байқау. Дамытушылық: Оқушылардың сөздік қорын, тіл байлығын, ой -өрісін , қарым-қабілетін дамыту. Тәрбиелік: «Ана» деген сөзді терең ұғына білуге, сезінуге, оны құрметтеуге баулу. Сабақтың әдісі: әңгімелеу, сұра — жауап, көрініс, эссе. Сабақтың түрі: аралас сабақ. Қолданылған көрнекілік: музыка, Темір хан ордасы, сюжетті сурет — плакаттар, ана туралы ойлар жазылған плакаттар, түрлі — түсті қағаздар, интерактивті тақтада слайдтар Пәнаралық байланыс: тарих, география, психология Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі Оқушылармен амандасу, кезекшімен сұхбат, сабаққа дайындық.

Психологиялық ойтүрткі:

-Балалар,қиналғанда жанашыр кім?

-Ана.

-Ауырғанда қамқоршың кім?

-Ана.

-Сенімен бірге қуанатын кім?

-Ана.

Мұңайсаң, мұңайатын кім?

-Ана.

-Өмірдегі ең асыл жан кім?

-Ана.

Демек, бүгінгі өткелі отырған сабағымыздың да тақырыбы ана туралы екен.

ІІ. Үй тапсырмасы.

Оқушылар жаппай әңгімені оқып, мұғалім берген деңгейлік тапсырмаға дайындалып келеді.

ІІІ. Жаңа сабақтың құрылымы.

Реферат. Ғ.Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығы

(Бір оқушы дайындалып келеді)

Ғ. Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы «Жаңа жол» ауылында шаруа отбасында туған. Бала кезінде ауыл молдасынан оқып, ескіше хат таниды. Ол кездегі ауыл ақсақалдарының бір әдеті – кешке жақын дөң басына, немесе көкорай шалғын көк майса үстіне киізді жайғызып тастап, неше түрлі қисса, жырды қызыға тыңдайтын болған. Зерек бала «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Ләлі — Мәжнүн», «Көроғлы», «Сал — сал», «Зарқұм», «Шәкір — Шәкірат», «Шахмаран» сықылды інжу — маржан жырларды сүйсіне оқып, талай бетін жаттап та алады. Ғабит 1917 жылы Қостанай уезінің Обаған болысындағы екі сыныпты орыс мектебіне оқуға түседі. Оның ұстазы – қазақтың белгілі ұстаз ақыны Бекет Өтетілеуов шәкіртіне жылы шырай білдіріп, әдебиетті сүйіп өсуге ықпалын тигізді, өлең, жыр жаттатады. Осы мектепті бітірген соң болашақ жазушы Пресногорьковтегі жоғары бастауыш училищеге түсіп, жеті жылдық мектеп көлемінде білім алады. 1923 жылы Ғ. Мүсірепов Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфакқа) оқуға түседі; орыс және әлем әдебиетінің саңлақтарын, ұлттық сөз өнерінің үлгілерін құмарта оқиды. «Мен – дейді жазушы «Автобиографиялық әңгімесінде», — он тоғызыншы ғасырдағы орыс классиктерін сол рабфакта ұғынып шыққандаймын. Әсіресе Гоголь, Чехов, Горький бағыты ойыма қона қалушы еді. Рабфакты бітірген кезде жазу талабы менде де ояна бастады». Жұмысшы факультетін бітірісімен (1926) Мүсірепов бір жыл Омбы қаласындағы ауылшаруашылық академиясында оқиды. Сонда жүріп «Тулаған толқында» атты хикаятын жаза бастайды. 1928 — 1938 жылдары баспасөз, әр түрлі орындарда жауапты қызметтер атқарады. Ал, 1938 — 1955 жылдар арасында біріңғай әдебиетпен айналысады. 1956 — 1966 жылдары Ғ. Мүсірепов «Ара — Шмель» атты сатиралық журналдардың бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметін атқарып, 1966 жылдан кейін қайтадан біріңғай жазушылық өнерімен шұғылданады. Ол Жапония, Египет, Алжир, Италия сияқты көптеген елдерді аралап,

туған елінің сөз өнерін насихаттауда сол еңбек сіңірді Ғ. Мүсірепов – ел құрметіне бөленген әйгілі академик — жазушы ғана емес, ол көрнекті қоғам қайраткері еді. Қаламгер ондаған мақала мен очерк, әңгіме мен новелла, ұлттық драматургияның алтын қорына қосылған «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты», «Амангелді» пьесасы мен «Қазақ солдаты», екі томдық «Оянған өлке», «Ұлпан» романы және «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасын жазды. 2.Барлық оқушы әңгімені оқып келіп, әңгіменің композициялық құрылымына талдау жасайды.

Авторы: Ғ.Мүсірепов-жазушы, драматург, академик, қоғам қайраткері.

Шығармасы: «Өлімді жеңген ана»

Тақырыбы: Ананың баласына деген ұлы махаббаты.

Эпикалық жанр түрі: әңгіме.

Негізгі идеясы:қанша ұлық болсаң да, Анадан туылғаныңды ұмытпау, Ананы құрметтеу, сыйлау.

Шығарманың композициялық құрылысы:

Шығарманың экспозициясы – Ақсақ Темір мен Кермененің Самархан қаласы туралы әңгімесі.

Сюжеттік байланыс- күзетшілердің әйелдің кеп тұрғанын баяндауы.

Шиеленісуі- Ана мен Ақсақ Темірдің диалогі.

Шарықтау шегі- Ақсақ Темірдің Ана алдындағы бас июі.

Шешімі- Ақсақ Темірдің жарлығы.

Кейіпкерлер бейнесі

Жағымды- ақын Кермене, өмір егуші Ана.

Жағымсыз- Ақсақ Темір.

Әдеби теориялық ұғымдар

Портрет. Қаһарынан қан төккен аппақ басында ақ бөрік. Ақсақтың жүзі қан қатқан, тот басқан жалпақ пышақ секілді. Қысық көздері дүниенің асты-үстін түгел көріп тұрғандай.

Теңеу. Адамды айуандай сорған сен секілді патшадан қашқан адам тамағын теңізден тауып жүр.

Эпитет. Темірдің қып-қызыл көзі дүниені жалмап, жалт-жұлт етеді. Қанды көзі қан шашып , төңкеріліп қояды.

3.Дарынды оқушылар көрініске дайындық жасап келеді.

Музыка ойнап тұрады. (Сюжетті сурет) Патша шатырының алдында халық ойыны басталды. «Өлімнің ордасы Темірдің қанды қабағын ашамыз» деп, күлдіргіштер лақтай секірді. Батыр, балуандар жер солқылдатып күрес салды. Көрініс. (Дарынды оқушылар ойнайды) Темір хан патша шатырында төрде отыр, қасында билер. Сырттан бір дауыс шығып жатыр. «Кіргізіңдер!» Темір хан: Шақырыңдаршы! – деп жекірді. Нөкер:Тақсыр, бір әйел келіп тұр, сізді көрем, — дейді. – Өзі арабша сөйлейді. Үсті — басы кір, шаң — шаң. Темір: — Әкеліңдер! Нөкерлер жалаң аяқ, шашы жалбыраған бір әйелді әкеледі. Әйел кіріп келіп: — Баязит сұлтанды жеңген сен бе?! Темір: — Ия, мен! Мен талайды жеңгем. Оны да жеңдім. Ал сен неге келдің? Әйел: — Онда тыңда! Сен не істесең де адамсың. Ал мен – ана. Сен өлімге қызмет етесің, мен өмірге қызмет етемін. Сен өлім шашасың, мен өмір шашамын. Дүниеге адам әкелем, білдің бе?! Сондықтан мен сені адамға санамаймын да. Темір: — Маған ешкімнің бағасы керек емес. Мен ешкіммен есептеспеймін. Жұмысыңды айт, әйел! Әйел: — Онда тыңда, өлімнің егіншісі Темір. Сен менің алдымда күнәлісің. Менің алдымда күнәңді жусын деп келдім. Өйткені мен Ана! Сен өлім сепсең, мен дүниеге өмір себем. Сені Жеңем! Темір ойланып: — Өзің отыршы, сені тыңдағым кеп барады. Әйел кілемнің үстіне келіп отырды. Әйел: — Мен Салерно деген жерден келдім. Ол алыста. Италияда. Менің жалғыз ұлым бар еді. Ол өте сұлу, ақылды болатын. Баязит сұлтан әскерімен әкем мен күйеуімді өлтіріп, баламды алып әкетті. Міне 4 жыл болды, баламды іздеп жүрмін. Естуімше, балам сенде, өйткені Баязит сұлтанды сен жаулап алғансың. Өзіме қайтар ұлымды! Ұлымның қайда екенін сен білесің! Көпшілік: — Мынау жынды шығар. Не дейді? Темір хан: — Әйел, сен алыс елден келдің. Жолда тау бар, теңіз бар,

орман бар, одан қалай өттің? Әрі аң, құс бар. Олар саған тимеді ме? Олардан қорғану үшін қару керек. Сенде ол жоқ. Бұл жерге қалай жеттің? Әйел: Мен бір — ақ теңізге ұшырадым. Онда арал көп екен, балықшы да көп екен. Балықшы болған соң, онда қайық бар. Теңізден қайықпен өттім. Сүйген ұлыңды іздесең, қайықпен де өтуге болады. Ал, тау дейсің, мен тауды байқағаным да жоқ, орман маған отыр бергеннен басқа тоқтау қылған жоқ! Темір хан: — Ал аңдар ше? Әйел: — Ия, олар кездесті. Сен сияқты өлім шашып тұратын барыс екі рет кездесті. Олар маған тек қарап тұрды. Мен олармен сенімен сөйлескендей сөйлесіп жүрдім. Олар менің ана екенімді түсінді. Аңның да баласын сүйетінін сен білмейтін бе едің? Темір хан: — Солай, әйел! – басын изеп, — Аңдар адамнан гөрі өз баласын артық сүйеді. Ең қатты жауыздық адам баласынан шығады. Әйел: — Адам деген бала ғой. Әр адамның баласы бар. Сен, шал білесің бе, сені де әйел тапты. Сен құдайдан бас тарта аласың, ал анадан бас тарта алмайсың? – Бер, баламды, қайтар өзіме. Өйткені мен анамын, баламды сүйем! Темір: — Мен тәңір құлы Темірмін, тек тиісті сөзді ғана айтам! Мен көп жасқа келдім. Отыз жыл бойы қара жер табанымда ыңырсыды. Неге бүйтеді дейсің ғой. Мен патшамын. Патшаның патшалығы неғұрлым көп болса, соғұрлым оның өзі де ұлы патша. Мен патшалығымды кеңейте беруім керек. Әйтпесе мен қандай патшамын? Сондықтан мемлекетті басып алып, өзіме бағындырам. Бұл бір. Екінші, өлім менің жалғыз ұлым Жәңгірді алып, жүрегімді сөндірді. Сондықтан өлімнің құрбандығына адам алып, кегімді алып жүрмін. Менімен патшалық үшін, ел үшін көп адам алысты. Ал адам үшін алысып көрген жоқ. Мен үшін адам кім? Менің алдымда неге тұрады? Мен оны білмеймін. — Мен тәңір құлы Темірмін, тиісті сөзді ғана айтам! Менің алдымда әйел отыр. Бұл әйел бүгінге дейін білмеген сезімді қозғап, мені жеңіп барады. Бұл әйел менен өтінбейді – бұйырады. Бұл әйелдің неге мұнша күшті екенін түсіндім деп ойлаймын. Бұл — өмір иесі, бұл – ана, бұл ұлын сүйеді. Ұлын сүюі, ол өмірдің бір ұшқыны ғой. Сол ұшқыннан бірнеше ғасырдан кейін жалын туар. Мен жерге өлім ектім, қанмен жақсылап

суардым. Қазір жердің майы сорғалап, қыртыстанып тұр. Осы жерге бақыт егетін адам керек шығар… ойланып. — Мен тәңір құлы Темірмін, тиісті сөзді ғана айтам. Үш жүз салт әскер қазір жердің 4 бұрышын аралауға аттансын. Тапсын олар мына әйелдің ұлын! Әйел осында күте тұрады. Мұнымен бірге мен де күтем. Кімде — кім мұның ұлын атқа мінгізіп әкелсе, ол шын бақыттың дәмін татады. Солай ғой, әйел? Әйел бетіне түскен шашын сілкіп: — Солай! Осыны істе! – деп азырақ езу тартады. Осы кезде Ақсақ Темір орнынан тұрып, әйелге басын иеді.

Сергіту сәті. «Жаңбыр жаудыру» ойыны

ІV. Жаңа сабақты бекіту.

«Кейіпкерлер сөйлейді» тапсырмасы. Әңгіме бойынша берілген мәтіннің қай кейіпкердің сөзі екенін табады.

Үзінді Кейіпкер

Самарқандағы көк мойындарды адам сүйегінен

салдырғам! Өртемеймін де оны! Ақсақ Темір

Жиырма бес әскерді сол белбеуің үшін ғана берем!

Белбеу ғана… әйтпесе , сенің өзің қара күрешке

керегің жоқ адам емессің бе! Кермене ақын

Баязит сұлтанды жеңген сен бе? Ана

1.Пысықтау сұрақтары:

-Ақсақ Темір серуендеген әдемі алаңның аты не деп аталады? (Қандығұл)

-Ақсақ Темірдің ұлының есімі кім? (Жаһангер)

-Әңгімедегі жер-су аттарын ата. (Самарқан, Шам, Сейхун, Жейхун,т.б.)

-Ақсақ Темірдің сырт киіміне қанша інжу тас қадалған? (5000)

-Ақсақ Темірдің шатыры қанша қызыл баумен жерге таңылған? (400)

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!»

Ана Мать Mother

Бала Мальчик Child

Ақын Поэт Poet

Патша Король King

Балықшы Рыбак fisherman

Қала Город City

V. Қорытынды.

Кейіпкерлермен сырласу. (Оқушылар қалаған кейіпкерлеріне хат жазады)

Әңгіме авторы Ғ.Мүсіреповке хат.

Өмір егуші Анаға хат.

Патша Ақсақ Темірге хат.

Кермене ақынға хат.

VІ. Үйге тапсырма.

Әңгіме бойынша үш сұрақ дайындап келу.

Сөздікпен жұмыс жүргізу.

Ана тақырыбында жеті сөйлемнен тұратын эссе жазып келу.

Пікір қалдыру