«Қараөзек» жалпы орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі Информатика пәнінің мұғалімі Мейрам Омаров Полатович.

0

Кәсіптік бағдар беруге талап жоғары

         Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жас ұрпаққа, өскелең буынға үлкен жауапкершілік артқаны белгілі. Өнегелі, өнерлі жастар–мемлекеттің болашағы. Бүгінгі оқушы-ертеңгі өндіріс резерві. Еңбекті ұйымдастырушы, әрі орындаушы. Технологияның үздіксіз өзгерістеріне бейімделе алатын орындаушының тұлғасы мектепте қалыптасатыны сөзсіз.

Мектепте оқушыны еңбекке, кәсіпке үйрету қазіргі білім беру жүйесіндегі басты міндеттердің бірі, осыған сәйкес, мектебімізде нәтижелі жұмыстар жоспарлы түрде атқарылып келеді.

Мектеп жұмысын жаңа бағытта ұйымдастырудағы мақсаты – шығармашылық ізденістегі ұстаздар қатарын толықтыру, білім беру мен оқыту әдістемесін қазіргі талап деңгейіне көтеру. Ұлттық тәлім – тәрбиеге, аға буынның тәрбие мәселесінде жинақтаған бай тәжірибесіне сүйене отырып, ұрпақты адал еңбекке, өнер – білімге баулу, өмірге бейімдеу. Отанын сүю, ар–намысын қорғау сияқты ізгі адамгершілікке, әдептілікке, қайырымдылыққа, адалдыққа үйрету. «Қалауын тапсаң – қар жанар» деген мәтелде айтылғандай, әрбір баланың бойындағы табиғи қабілетін, ерекшелігін дамыту және тұлғаны тәрбиелеу. Ұрпақ – еліміздің, ұлтымыздың болашағы. Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағынан күтеді. Сондықтанда оқушыларға кәсіптік бағдар беру ісін сәтті ұйымдастыра білу – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Осындай мақсатты істі жүзеге асыруда бар жауапкершілікті сезініп, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастырып, дамыту және оған жан-жақты терең білім беру ісінде мектеп ұжымы аянбай еңбек ете бермекші. Ендеше келешектің иесі бүгінгі ұрпаққа білім беріп қана қоймай, келешектің көкжиегіне қол жеткізетін мамандықтарға бастай білген олардың еңбектеріне сүйсінгеніміз абзал.

Мамандық таңдау – осы бір қарапайым ғана сөз тіркесі қаншама адамның тағдырын шешеді, болашағын бағдарлайды. Бүгінгі таңда мамандық таңдау оңай шаруа емес. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басатын жас түлектердің алдында мыңдаған мамандықтың лайықтысын таңдау міндеті тұрады. Қазақтың көрнекті жазушысы, ақыны: Жүсіпбек Аймауытов «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», — деген екен. Ақын бабамыз айтпақшы, мектеп бітіруші жас түлектер ойланып, ақылменен өз болашақтарына қадам жасау керек. Адамның еңбектегі іскерлігіне сұлу адамгершілік қасиеті үндесіп тұрса, бұл-біздің бүгінгі заманымыздың биіктігін танытпақ. Қазіргі қоғамымыздағы белең алып бара жатқан жұмыссыздық мамандықтың жоқтығынан туындаған күрмеулі мәселелердің бірі. Осы өмірдегі әділетсіздік те, парақорлық пен алауыздық та жұмыссыздықтан деп ойлаймын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін біздің елімізде де әр түрлі өндіріс салаларына байланысты жаңа мамандықтар, оларды басқаратын мамандар қосылды. Жаңа мамандықтар өзіне лайық білікті жаңа мамандарды талап етеді. Ескі мамандарды жаңа мамандар ығыстырып, өмір ағысына өзгеріс енгізетін жаңа тұлғаларды шығарады. Осылайша бұрынғыларға ұқсамайтын талабы мол, талғамы зор жаңа адамдарды қалыптастырады. Мамандық санымен емес, сапасымен өлшенеді. Жаман мамандық болмайды, тек жаман жұмыскер ғана болады. Жаман жұмыскерлер қатарын көбейтпес үшін көп еңбектенуіміз қажет. Бүгінгі таңда адамның қабілеті мен талғамына сәйкес мамандық таңдап алуға жол ашық. Біздің таңдаған мамандығымыз тек өзімізге ғана емес, халқымыз бен елімізге де пайдасын тигізуі керек. Шыны керек, қазіргі таңда жастар арасындағы көреалмаушылық, әділетсіздік, өзімшілдік басым болып барады. Бұған кім кінәлі? Тәрбиенің тозғаны ма, әлде заманның азғаны ма? Дүниені мейірімсіздік, имансыздық, зұлымдық пен әділетсіздік жаулап алатыны, ұлттық салт-сананың ұмытылып бара жатқаны жайлы ойлансам, ішім ашиды. Дүние бейне бір түлкіге ұқсап, алдаусыратып тұрғандай. Сабырсыз, мақтаншақтардың заманы болып бара жатқан сияқты. Осы сияқты қиын да, қиюы кеткен мәселелерді жастар арасында талқыға салсам деймін. Бірақ көпке топырақ шашуға болмайды, қазіргі жастардың бәрі ақымақ, көргенсіз,–деп, айтсам мықтап қателесер едім, өйткені болашағы жарқын жастардың өсіп келе жатқанын өз оқушыларымның арасынан да көремін, ризашылық сезімімді білдіремін. Менің ойымша, адам тек бір мамандықпен ғана шектеліп қалмай, жан-жақты болуы керек. Әрбір адам-жеке тұлға. Жас түлектердің назарына салатын бір жайт, олар мамандық таңдағанда ата-анасының немесе туған–туысқандарының айтқандарына көне салмай, ең бірінші өз-өздеріне сенімді болулары қажет. Өз мамандығыңның арқасында өзіңнің қоғамға қажетті екенінді сезіну де бақыт. «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»,-деп Абай атамыз айтқандай, өмірде өз орнымызды табуымыз үшін аянбай еңбектенуіміз қажет.

Мамандықтың жаманы жоқ әлемде,

Жаман қылған жалқаулар бар әр елде.
Сондықтан да жалқаулықты тастайық,

Игі істермен өмір жолын бастайық!
Оқыған маман – шын маман,

Мамандық алмай қоймайық.
Үйренем десең жалықпа,

Мамандық сырын анықта.
Қолыңнан жұмыс келмесе,

Тие ме пайдаң халыққа?
Еңбектің бәрі- мамандық,

Жер-көктің бәрі- мамандық.
Білуге бәрін талаптан,

Танытып нағыз адамдық.
Қорыта айтқанда, алтыннан да қымбат уақытымызды босқа өткізбейік, болашаққа деген сеніммен өмір сүрейік! Жоғары оқу орындарының студенттері атанып, үкілеп үміт артып отырған ұстаздарымыздың, ата-аналарымыздың зор сенімдерін ақтайық!

Пікір қалдыру