Семей қаласы Батталова Галия Алимгазыевна №8 мектеп кешенінің жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі

0

 Семей қаласы Батталова Галия Алимгазыевна              

№8 мектеп кешенінің жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі

 

Өзгеріс не үшін қажет?

Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін паш етті. Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясаткерлер үшін де, жалпы мектептер үшін де, соның ішінде мұғалімдер үшін де ең басты, маңызды мәселе болып отырғаны: «XXI ғасырда нені оқыту керек?» және де «Мұғалімдер оқушыларды XXI ғасырға қалай дайындайды?». (Нұсқаулық I, 5 бет)

«Қазақстан- 2030»  стратегиясында  негізгі  бағыттардың  бірі  ретінде  білімі мен білігі жағынан басқа мемлекеттердегі замандастарымен бәсекеде  жеңілмейтін, сонымен  қатар  бойында  ұлттық  ділі  сақталған,бойларында отаншылдық  рухы  бар  қазақстандықтардың жаңа  ұрпағын тәрбиелеу  қажеттігіне  баса көңіл бөлінді. Сондықтанда  оқушының жеке тұлғасын дамыту үшін  мектептерге  ерекше мән беріліп, баса назар аударылып отыр. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап, білім беру саласындағы мемлекеттік саясат елдегі болып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайларға сәйкес оның қазақстандық жаңа үлгісін жасауға бет алған болатын. Қазақстанның білім беру жүйесін дамытудағы стратегиялық нысанасының бірі 2000 жылы Дакарда өткен Білім жөніндегі дүние жүзілік форумның «Баршаға арналған білім» декларациясы ережелері болып табылады. Онда сапалы базалық білім беруді өзекті мәселе ретінде қоя отырып, басты алты мақсатты айқындап берді. Солардың бірі: «Сапалы білімнің барлық аспектілерін жақсарту және оның үздік сапасына оқытудың барша көпшілік мойындаған жетістіктері арқылы қол жеткізу». Елдер «Баршаға арналған білім» декларациясының мақсаттарына 2015 жылға дейін қол жеткізуге тиіс. Дакар бағдарламасында белгіленген іс- қимылдың алтыншы тармағына мынадай ұстаным енгізілген: «Білім алу адамның негізгі құқығы болып табылады. Баршаның базалық білім алуының қажеттілігі бірінші дәрежелі маңызы бар іс ретінде қабылданады және солай болуға тиіс».

Еліміздің болашағы халқының тілін, рухани қадір-қасиетін, салт- дәстүрін, байлығын сақтайтын білімді ұрпақ. Сондықтан білім беруді дамыту мәселелері, білімнің сапасы, білім берудегі қалыптасқан дәстүрді жетілдіріп, шетелдік мемлекеттердің білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелердің тиімді жақтарын еліміздің білім беру жүйесіне енгізу өмір талабының бірі болып отыр. Қоғамның дамуына байланысты қай елдің болмасын білім беру жүйесінің алдына үлкен міндеттер қойылады. Себебі білім беруді дамыту арқылы мемлекеттің өркендеуіне жол ашылады. Ендеше біз білім беруді жаңашаландырып, оның жаңа жүйесін жасауымыз керек. Бұл жүйе бұрынғы дәстүрлі  жүйеден ерекше болуы тиіс. Демек ол ой елегінен, зерттеуден өткізілген тәжірибелерден құрылуы қажет.

ХХІ ғасырда жаппай жаһандану мен ғылыми- техникалық ілгерілеу заманында халыққа білім беру мен ғылымды дамыту, оларды реформалау ісін жүргізу басты мәселе болып отыр. Әлемдік тәжірибелерді ескерсек көптеген дамыған мемлекеттерде оқу-ағарту саласында реформа жүргізілуде. Кейбір мемлекеттерде бұл тәжірибе тұрақты түрде жүргізіліп отыр.Кез келген мемлекеттің білім беру жүйесі толық реформаланып бітті деп айтуға ерте, өйткені қоғам дамуына байланысты реформа талаптарына да өзгерістер енеді. Елімізде білім беру саласындағы өзгерістер әлемде болып жатқан  жаңашыл бастамалармен үндес жүргізілетіндіктен, әлем елдерінің білім беру жүйелеріне тоқтала кеткенді дұрыс деп ойлаймын.

Әлемдік тәжірибеден алып қарасақ білім деңгейінің сапасын көтеру арқылы жетістіктерге жетіп отырған мемлекеттер көптеп саналады. Солардың мысалы ретінде Жапония, Қытай, Малайзия мемлекеттерін ерекше айтуға болады.

Жапонияда «Мектептегі білім беру заңына» сәйкес  6 жасқа толған бала бастауыш мектепке барады да онда 6 жыл оқиды, одан соң емтихансыз орта мектепке көшіп, онда 3 жыл оқиды, сөйтіп 9 жылдық орта білім алу бұл елде міндетті болып табылады. Біздің мемлекеттегі сияқты бұл елде де 9 жылдық білім алу ақысыз , бірыңғай әрі қатаң тәртіп ретінде қойылған. Жапондықтар кітапты өте көп оқиды және мұражай мен көрмелерге де көп барады. Мұның барлығы олардың зияткерлігінен туып жатады екен.Олар мәдени құбылыстардан қанағат алады және жаңалықтар да ашады. Мұның барлығы білім беру саласының  дұрыс жолға қойылғанын көрсетеді. Бұл елде сана мен тәрбие бірінші орынға қойылған.Жапонияда оқыту мен тәрбиелеудің негізгілерінің бірі ретінде баланың идеяларын қолдау арқылы оның барлық кезде міндетті түрде өзімен-өзін салыстырып отыру қажет дейді. Оларда біздің елдегі қалыптасқан дәстүр бойынша өзімен қатар оқитын басқа оқушыны мысалға алып «ана оқушы тапсырманы дұрыс орындаған, немесе ол қалай жақсы оқиды»- деп айтпайды екен, керісінше «кешегіге қарағанда бүгін сен тапсырманы   жақсы орындадың, сенің өз күшің, қабілетің  жетеді» т.б. мақтауларды пайдаланады. Бұл барлық   оқушының  оқу үдерісінде өз алдына  мақсат қойып, соған жетуге тырысуына ықпал етеді.Біздің елдің ұстаздары да өз жұмысында осы тәсілді пайдаланса нұр үстәне нұр болар еді деп ойлаймын.

Норвегия мемлекетіндегі білім беру жүйесінің ерекшеліктерін қарастырсақ бұл елдегі білім беру жүйесі  оқушылардың мүмкіндіктерін жеке-дара дамытуға бағытталған.Мұндағы міндетті мектептегі білім беру жүйесі 13 жылдық білім беруді қарастырады (10 жыл – бастауыш және орта, 3 жыл – жоғарғы мектеп). Барлық мектептер мемлекеттік және ондағы оқыту ақысыз негізде жүргізіледі.  Мұнда оқушылар мен мұғалімдердің іс- әрекеттерін бірлесіп жоспарлауға басты  назар аударылады да, 1- 7 сыныптар аралығында оқушы білімі үшін баға қойылмайды, яғни оқыту үшін формативті бағалау жүйесі қолданылады. Норвегиялық мектептерде оқушыларға баға қою тек 8 сыныптан ғана басталады. Ал бізде Қазақстан мектептерінде «бестік» бағалау жүйесі  қолданылады.  Бұл жүйе оқушылардыңалған  білімін толық бағалауға мүмкіндік бермей келеді, себебі  мұғалімдердің «3»-қанағаттанарлық, « 4»-жақсы, «5»-үздік деген бағаларды қоюға ғана мүмкіндіктері бар болып отыр.. Баға әр уақытта субъективті. Оқушы білімін бағалауда бұл жүйенің білім сапасына кері  ықпалын тигізетін кемшіліктері бар.   Атап айтсақ , бағаның көтеріңкі немесе себепсіз төмен қойылуы яғни білім беруде авторитарлық тәсілдің қолданылуы, пайыз қуу, «екілік», «бестік» бағаны қоймай орта деңгейдегі бағаны қою, бағалаушыға тәуелділік  сияқты көптеген осал тұстары бар. Әлем елдерінің тәжірибесінде және Назарбаев зияткерлік мектептерінде қолданысқа енгізіле бастаған  критериалды бағалау  жүйесі  біздің мектептерге де енгізілсе оқушыларымыздың баға үшін емес сапалы білім алу үшін оқуына мүмкіндік туар еді деп ойлаймын. Критериалды бағалау  бұл оқушылардың оқу нәтижелерін білім мазмұны мен мақсаттарына сәйкес келетін , білім беру үдерісіне қатысушылардың(оқушылар,мектеп әкімшілігі,ата-аналар,заңды тұлғаларжәне т.б.)барлығына алдын-алатаныс,ұжым талқысынан өткен,нақты анықталған өлшемдер арқылы оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға нагізделген үдеріс.(НұсқаулықІ, 86-бет) Критериалды бағалау жүйесінің технологиясы бақылау, білім беру, диагностика, дамыту, өздігінен білім алуға ұмтылуға ықпал етеді.

Жаңа сапалы білім беруге қол жеткізу 12 жылдық жалпы білім беретін мектептер жағдайында мүмкін болады және ол бейіндік оқытуды, бірнеше тілде білім алуды  қамтамасыз етеді. Ғалымдардың зерттеуі бойынша дүние жүзі елдерінің 80 пайызы 12 жылдық оқу жүйесіне көшкен екен. Аса дамыған  Америка Құрама Штаттарында, Англияда, Швейцарияда, Канадада, Германияда орта жалпы білім беру ұзақтығы 12 немесе 13 жыл, ал Жапонияда, Италияда 12 жыл. Қазақстанда 12 жылдық білім беруге көшуді  6 жастан бастау көзделеді, бұл жас мектепте білім алуға неғұрлым қолайлы, адам дамуының физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес деп есептелінеді. Біздің 12 жылдық мектепке көшуіміз оқу жүктемесін біраз жеңілдетер еді. Қазіргі кезде басқа мемлекеттерде 12- 13 жылда берілетін білімді  біз 11 жылда беріп отырмыз,сол себепті оқу жүктемелерінің, сабақтар санының көп болуы  оқушыларға,ұстаздарға қиыншылықтар туғызуда. 12 жылдық оқытудың басты мақсаты- баланың білім, білік, дағдыларын қалыптастыру ғана емес, өзіне ғана тән қабілеттерінің даму мүмкіндігіне жол аша отырып, даму үстіндегі ортада өмір сүруге қабілетті, өзін- өзі дамытуға, өз ойын еркін айта білуге, өз қалауы мен қоғам талабына сай өзін көрсете білуге бейім, шығармашылық деңгейде ойлайтын дамыған тұлғаны қалыптастыру. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек 12 жылдық оқытуға көшу Қазақстан мектептеріне:

  • оқу жүктемесін жеңілдетуге;
  • кәсіптік білім беруге;
  • жеке тұлғаны дамытуға ықпалын тигізері сөзсіз.

Сонымен қатар 12 жылдық білім беруге көшу мынадай  бірнеше жағдайларға ерекше көңіл бөлуді қажет етеді :

  • білім беру үдерісіне жаңа технологиялардың енгізілуіне ;
  • оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін сындарлы білім беруге көшуіне;
  • патриоттық, рухани-адамгершілік, экологиялық тәрбие беру рөлінің күшейтілуіне;
  • кәсіби бағдар берудің ерте жастан басталуына;

Әр елдің білім беру мен тәрбие саласында өзіндік ерекшеліктері мен артықшылығы, кемшіліктері де болады. Сондықтан біз өз еліміздегі оқушыларға білім беру мен тәрбиені жан- жақты дамыту мақсатында шетелдік 12 жылдық білім берудің тек тиімді жағын ғана алуымыз қажет екенін естен шығармағанымыз дұрыс деп ойлаймын.Қазақстанның  104  мектептерінде орта білім берудің 12 жылдық моделі  эксперимет  түрінде енгізіліп, он жылдан артық  уақыт жұмыс жасап  келеді.   2017 жылдан бастап барлық мектептер 12 жылдық оқытуға көшпекші.

«Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасында» білім беруді тұлғаның сұранысы мен зерттеушілік қабілеттіліктер нәтижесіне бағыттап жүргізуді талап ететін жүйені қалыптастыруды көздейді.Тұжырымдама мақсаты-нәтижеге бағытталған интеллектуалды білім үлгісін құру:

  • білім сапасын бағалаудың тәуелсіз объективті тәсілдерін енгізу;
  • білім сапасының жоғарғы деңгейінде, білім алушының қабілетті, құзырлы, функционалдық сауаттылығын қалыптастыру;
  • отандық білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңістігімен ықпалдастыру;
  • білімді жергілікті еңбек нарығы талаптарына, қоғамдық әлеуметтік сұраныстарға сәйкестендіріп дамыту;
  • білім беруді ақпараттандыру,қашықтан оқыту технологиясын дамыту, біртұтас интернет жүйесін енгізу;
  • отбасындағы және білім жүйесіндегі оқу және тәрбие үдерісін сапалық жаңа деңгейге көтеру, біртұтастығын қамтамасыз ету;

Қазақстандық білім беру мектептерінде оның білімдік үлгісін, оның мақсатты, мазмұнды және іскерлік сипаттамасын іске асырушы дәстүрлі түрі басым. Мұндай мектептің негізгі мақсаты- мәдени мінез- құлықты игеру, білім алуды жоғары оқу орнында жалғастыруға дайындау. Мектеп бұрынғыша жалпы қабылданған сынып- сабақ жүйесі бойынша жұмыс істеп келеді. Қазақстан мектептеріндегі орта мектеп әлем елдеріндегі сияқты 3 сатыдан тұрады: бастауыш мектеп 4 жылдық, негізгі мектеп 5 жылдық, жоғарғы орта мектеп 2 жылдық (бейінді- бағдарлы оқыту).

Әлем ғалымдарының  бағалауынша Қазақстандағы білім беру  жүйесінің мықты жақтары да бар және көп салалардағы жетістік деңгейлері жоғары екені көрінеді.. Алайда, Қазақстан жастары дүние жүзі  бойынша өз құрдастарымен жоғарғы деңгейде бәсекеге түсе алуы үшін қазіргі білім беру  жүйесінің мықты жақтарын нығайту дұрыс деп ойлаймын. Ол үшін оқушыларға білім мен тәрбие беріп отырған мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдірудің аса маңызды екені баршамызға аян. Білім беру саласында алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан Ұлыбритания, Сингапур, Финляндия сияқты мемлекеттерде кәсіби қызметі бойынша мұғалімдердің  біліктілігін арттыру басты рөл атқарады. Қазақстанда кеңестік дәуірден қалған біліктілікті арттыру институттары сақталған. Олардағы біліктілікті арттыру курстарының мерзімдері қысқарып бір- екі аптаға түсірілді. Мұндай мерзім ішінде педагогтардың біліктіліктерін арттырудың жоғарғы сапасына қол жеткізу мүмкін болмай қалды. Осыдан келіп біліктілік арттыру курстарының құрылымына өзгерту енгізу қажеттілігі туындады. Осындай дағдарысты жағдайда Қазақстан Республикасында білім беру ісін дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында біліктілікті арттыруға байланысты түбегейлі өзгерістер енгізілді. Педагогтардың біліктілігін арттырудың жаңа формаларын ендіру жөнінде шаралар қабылданды.

Педагог біліктілігін арттыру жүйесін реформалау мұғалімнің кәсіби және әлеуметтік дәрежесін өзгертуге ықпал жасайды.Педагог қызметкерлерді оқытудың жаңа бағдарламасын «Назарбаев Зияткерлік мектебі» жанынан құрылған Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж Университетінің Білім беру Факультетімен және Халықаралық емтихан Кеңесімен бірлесе әзірлеп, ұйымдастыруда. Бұл бағдарлама бойынша әзірленген мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарында мұғалімдер оқу көшбасшылары деп саналады. Бұл ретте оқу көшбасшылары қолданатын тетіктер мектептің оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгеріс енгізуге көмектеседі. Осылайша Деңгейлі бағдарлама мақсатына қол жеткізу үшін Үшінші деңгей бағдарламасы бойынша оқыған мұғалімдер өздерінің оқыту тәжірибесіне өзгеріс енгізуге назар аударатын болса, Екінші деңгей бағдарламасы бойынша оқыған мұғалімдер коучинг пен тәлімгерліктің көмегімен өз мектептеріндегі әріптестерін оқытып, солардың тәжірибесін өзгертуге күш салады. Ал Бірінші деңгей бағдарламасы оқытуды басқару мен көшбасшылық мәселелерін көтеруге бағытталған (Нұсқаулық I, 15 бет).

Бағдарламадан күтілетін нәтижелер оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияны жетік меңгерген оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды. Бұл бағдарлама мұғалімдердің оқыту мен білім алу туралы ұстанымдарын өзгертуге бағытталған (Нұсқаулық I, 7 бет).

Менің мектебімдегі ұстаздардың жұмысындағы қиыншылықтар оқушылардың сөздік қорларының аздығы сол себепті өз ойларын жеткізуде қиналулары,сұхбаттасуда қиындық көруі болып табылады.   Мектептегі мұғалімдердің көпшілігі жаңа тақырып түсіндіруде оқушыларға өзі білім алуына еркіндік берсем тақырыпты түсінбей қалар деген қорқынышпен дайын білім беруге тырысады. Сондықтан оқушылар  көп жағдайда тек жабық сұрақтарға ғана жауап береді де механикалық есте сақтау , үстірт білім алу жағдайлары орын алады ,алған білімдерін  өмірде қолдана  алмайды.Ал Кембридж университеті ұсынып отырған әдіс-тәсілдер бойынша мұғалім оқушылардың оқуына мүмкіндік тудырып, оқу материалы және өзге де қажетті құралдармен қамтамасыз етеді, ал оқушылар өз кезегінде пән бойынша өз түсініктерін арттыру іс әрекеттеріне ынталы болады.Бұған қол жеткізу үшін мұғалімдер диалогтік оқыту,қалыптастырушы бағалау, топтардағы бірлескен жұмыс, оқыту мен оқуда АКТ- ны қолдану сияқты тәсілдерді пайдалануы керек. Бұл ретте оқу көшбасшылары қолданатын тетіктер мектептің оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгеріс енгізуге көмектеседі. (НұсқаулықI, 14 бет)

Қорыта айтқанда білім беру жүйесіндегі әлем елдерінде жүргізіліп келе жатқан реформаларды талдай келе біздің мемлекетімізде де оқыту мен білім беру үдерісін өзгертетін уақыттың келгенін көреміз.

Талдау нәтижесінде әлемдік білім беру кеңістігіндегі мектепте білім беру сапасын жетілдірудің  мынадай негізгі басымдылықтары бар екенін білдік :

  • сын тұрғысынан ойлауға үйрету;
  • оқушыларды өздігінен білім алуға үйрету;
  • білім сапасын бағалаудың жаңа жүйесі
  • оқытудағы іс- әрекеттік тәсіл;
  • оқу іс- әрекетіндегі топпен, жұппен оқуға;

Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға- мұғалім. (Strong, Ward & Grant, 2011).Ендеше біліктілікті арттыру оның кәсіби тұрғыдан жетіле түсуіне және мұғалім мәртебесінің көтерілуіне бағытталады. Мұғалімнің кәсіби дамуы – білім беру жүйесін жаңартудың негізі болып табылады. Мұның бәрі айналып келгенде оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына оңды ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Государственная программа развития образования Республики Казахстан на 2005- 2010 годы.- Астана 2004.
  2. С. Д. Мұқанова .Мектепте білім беруді дамытудың перспективалары.
  3. Мұғалімге арналған нұсқаулық Бірінші (ілгері) деңгей 2014 ж.
  4. «Білім берудің әлемдік әліппесі». Педагогикалық диалог. Ақпараттық – әдістемелік журнал. №1
  5. Қазақстан Республикасында білім беру ісін дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы  Астана-2010

Пікір қалдыру