Тажикулова Аружан Көбетайқызы Жетекшісі: Кендірбаева Райхан Кендірбайқызы Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы

0

Тажикулова Аружан Көбетайқызы

Жетекшісі: Кендірбаева Р

 Тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беру.

Ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым қазақ тілімен айтқанда ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халықымыз ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.

Адамдардың бойында қалыптасқан имандылық қадір-қасиеттер, білім мен тәрбие  рухани құндылықтарға, ал адамдардың қолымен жасалған тұтыну заттары мен кәсібі материалды құндылықтарға жатады.

Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті мол терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу өмір талабы, қоғам қажеттілігі.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері  негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту» деп атап көрсетілген.

Яғни, білім заңында әрбір азаматтың білім алуға құқықтығын негізге ала отырып, оқушы бойына ұлттық құндылық қасиеттерін қалыптастырып, құрметтеуге тәрбиелеуде дидактикалық шарттар яғни оқыту, тәрбиелеу, дамыту, қалыптастыру үрдісін жан-жақты қамту қажеттілігі туындайды.

Білім — жалпы адамзатық құбылыс. Білімнің мемлекеттік тұрғыдан ұлттық құндылықтарға жатуының негізгі себебі – мемлекеттің адами – инабаттық, ақыл – парасаттық, ғылыми – техникалық, рухани – мәдени және экономикалық мүмкіндіктерінің негізі болып табылуы.

Ұлттық тәрбие деп, жеке тұлғаның ұлттық сана сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.

Өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандалылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару.

Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын.Үзу қолымнан келмейді» — дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі -өзім, екіншісі-халқым» — дейді.

Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық  рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа?

Білім беру мен тәрбиелеудің мақсатын айқындау үшін қазақ білімпазы Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөздерін еске алған жөн. “Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты осы. Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек” –деген екен.

Олай болса, оқушылардың ұлттық құндылық қасиеттерін қалыптастыру негізінің бірден-бірі мектепішілік жүргізілетін тәрбиелік іс-шаралар.   Адамның бойына жақсы адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы, өнер-білімді игеруі – тәрбиеге, өскен ортаға, үлгі-өнеге берер ұстазға байланысты.  Осыны жақсы түсінген халқымыз “Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы”, “Тәрбие басы – тал бесік” деп ұлағатты ұстаздың еңбегін текке кетпейтіндей өсиет еткен.

Ақын  Мағжан Жұмабаев «Баланы тәрбиеші дәл өзіндей  қылып емес, келешек заманына лайық қылып шығаруы қажет,» — деген ойлары арқылы тәрбиені келер күн талабымен  ұштастырады. Қазақ халқының тәрбие дәстүрі қай халықтың тәрбиесінен кем түсіп көрген емес. Олай болса бүгінгі ұрпағымызды халқымыздың баға жетпес бай салт-дәстүрлері негізінде тәрбиелеу, оларға ата-бабаларымыздың озық дәстүрлерін сіңіруіміз керек.

Тіл – тарихи, мәдени, өмірлік құндылық.  Адам үшін маңызды қарым-қатынас құралы. Біз XXI ғасырда өмір сүріп отырмыз. Қазақ тілінің төл бастауы, қалыптасу, даму кезеңіне назар аударар болсақ, тілдің де тағдыры адам тағдырымен үндес екенін аңғарамыз. Тіл де адам баласы секілді ғасырларды асып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келеді.

 Біз қазақ елінің халқымыз, өз тілін жасушы ұжымбыз. Тіл – ел мен ердің туы. Тіл бар жерде – ел бар, ел бар жерде сен барсың, жас дос! Тәрбиеміз, біліміміз, елімізге деген, тілімізге деген силастығымыз бен махаббатымыз, яғни ұлттық құндылықтарымыз өшпесе қазақ деген атымыз, қазақ халқы, Қазақстан мемлекеті мәңгі жасайды.

Елбасы Н.Назарбаевың: «Мағжанның жүрек тебірентерлік мөп-мөлдір асыл лирикасы, Мұхтардың көркем прозасы, Шоқанның барша әлемді таңқалдырған жаңалықтары, ұлы Абайдың түпсіз терең философиялық толғаулары сияқты осынша мол рухани қазына әрбір адамның ішкі жан дүниесін байытып, сана-сезімін шарықтата көтеретініне күмән келтіре алмаймыз» деуінің өзі біздің жоғарыда айтылған пікірлерімізге толық дәлел бола алады.

Пікір қалдыру