№1 «КӘУСАР» интернаты

0

Қазіргі таңда Алматы облысы, Қапшағай қалалық №1 «КӘУСАР» интернаты қабырғасында Алматы облысы және Қапшағай өңірінен келген ата-ана қамқорлығынсыз қалған 60 бала тәрбиеленуде.

Тәрбиеленуші балалар жас ерекшеліктеріне қарай интернатішілік 4топқа топтастырылған. Әр топта 18 бала бар.

           

                     №1 «КӘУСАР» интернатының тәрбиеленушілері

Қазіргі кезде Елбасы Н.Назарбаевтың саяси және азаматтық биік тұлғасы, ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы қажырлы еңбегі арқылы Қазақстан әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 ел қатарына қадам басып отыр. Жаңа әлемдегі бәсекелестікке қабілетті жаңа Қазақстанның әлемдік елулікке сүрінбей енуінің негізгі кепілі – оның жаны сау, рухы биік ұрпағы десек, бүгінгі күннің күн тәртібінде алдыңғы орында балалар мен жастарды азаматтыққа, адамға тән асыл қасиеттерге баулу мәселесі тұр.

Білім – таусылмайтын, мәңгілік құны жоғалмайтын қазына. Алайда, осы орайда әз-бабамыз Әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, себебі, тәрбиесіз берілген білім – адамзатың қас жауы, ол келешекке тек апат әкеледі»,-деген қанатты сөзі еске түседі. Оқу мен тәрбие – егіз. Екеуін бір-бірінен ажыратуға болмайды. «Ала қойды бөле қырыққан, жүнге жарымас»,-дегендей, тәрбиесіз берілген білім, мақсатсыз берілген білім болмақ. «Оңбағанның үлкені – оқығаннан шығады»,-деп, дана халқымыздың айтқанындай, білімділердің барлығы ел игілігі жолында, қоғам мүддесі үшін қызмет ете бермейді, тек тәрбиелілері ғана алған білімін қоғамға, мемлекетке, халық игілігі жолында жұмсайды. Анығында сапалы білім саналы тәрбиемен шынайы астасқанда ғана ұлт тілегі, мемлекет, халық мүддесі орындалып, қоғам өзінің рухани дамуында асыл қасиеттерге қол жеткізбек.

Әрбір халық ұрпағымен көктеп, өркен жаяды. Әрбір мемелекет рухы таза, санасы биік, білімді де білікті ұрпағынан қуат алады, ол өзінің әрбір жаңа буын жас ұрпағы жетілген сайын дамудың жаңа биігіне көтеріледі.

Ендеше ұрпақ тәрбиесіне жеңіл қарау – ұлт  тағдырына, қоғам мен мемлекет болашағына жауапсыздық таныту болмақ. Сол үшін өзімізге жүктелген аманаттың ауырлығын сезініп, келешекте осы тәрбиелеп отырған балаларымыз елімізді масқара қылмай, мақтанышы болса деген ниеттеміз.

Интернат қабырғасында балалар мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының «Білім туралы»  Заңына, «Бала құқы туралы конвенциясына» және ҚР басқа да заңнамалық құжаттарына сәйкес арнаулы «АЗАМАТ» бағдарламасының төмендегі бағыттары бойынша бойынша тәрбиеленеді:

  • Эстетикалық тәрбие;
  • Патриоттық тәрбие;
  • Адамгершілік тәрбие;
  • Құқықтық тәрбие;
  • Экологиялық тәрбие;
  • Мәдени тәрбие;
  • Этикалық тәрбие;
  • Салауаттылық тәрбие;
  • Еңбек тәрбиесі;
  • Имандылық тәрбие;
  • Зияткерлік тәрбие.

Бұнымен қоса интернат қабырғасында жүргізілетін пәндік үйірмелер ағылшын, математика, араб және де «Балуандық», «Аспазшы», «Теңбіл доп», «Атлетика» атты үйірмелік бағыттар арқылы тәрбие ісін тартымды, ұтымды, ұйымдастырып, сатылай, бірізділікпен үздіксіз жетілдіру, этнопедагогиканы негізге ала отырып, балаларды заман талабына сай жеке азаматтық тұлға етіп қалыптастыруға тырысамыз.

                               Үйірмелік жұмыстардың мақсаты:

  1. Балалардың мектептен тыс уақытын тиімді пайдаланып, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу;
  2. Балалардың интернат қабырғасынан шығып, үлкен өмірге қадам басқаннан кейін сал болып қалмай, тауқыметі мен қиындығы, сыны мен сыры көп жұтқыншақ осы өмірде өздерін интернатта үйренген дағдыларының арқасында жоғалтып алмайтындай, қоғамда белгілі бір орыны азаматтар етіп тәрбиелеу;
  3. Қазіргі таңда Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен білім саласына жасалып жатқан күрделі реформалар, жетістіктер өте көп. Соның ең ірісі және ауқымдысы – 12 жылдық білім стандарттарына көшу бағдарламасы. Осы мақсатта қазір мектептерде бағдарлы оқыту әдісі іске асырылуда. Интернат балаларының барлығы министр, әкім, банкир, ғалым болып кетпесі анық. Қалам ұстап халық қамын ойлаған ойшыл ұлдары бар халықтың, сауыт-сайман ұстап өндірісін де жүргізетін ұлдары болуы керек. Сол үшін, осы реформаның талаптарын негізге ала отырып, интернат қабырғасында біріншіден баланың қандай-да бір ғылымның саласына деген зейін-қабілетін анықтап, екіншіден болашақ мамандығын таңдауына ықпал жасау мақсатында үйірмелік тәрбие беру шарасын ұйымдастырып отырмыз.

Жоғарыда аталған «Шәкен жұлдыздары» үйірмесі қазіргі таңда интернат  қабырғасында, интернат балаларының сомдауымен «Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» атты көркем фильм түсірумен айналысуда.

Сондай-ақ Салауатты өмір салтын насихаттап,  Республикалық «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде айналаны көгалдандыру шараларын ұйымдастырып, интернаттың ішін және сыртын жасыл желекке айналдыру мақсатында құрылған «Жасыл ел» клубы, балалардың көркем әдебиетке, әр түрлі жанрдағы шығармаларға деген құлшынысын арттырып, кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеу мақсатында құрылған «Жалын» клубы қазірдің өзінде өз нәтижесін көрсетуде.

Пікір қалдыру